Әзербайжан Ресеймен байланысты барлық іс-шараны тоқтатты

Әзербайжан туы

Әзербайжанда Ресейдің мемлекеттік және жеке мекемелері жоспарлаған барлық бірлескен мәдени іс-шаралар тоқтатылды. Әзербайжан мәдениет министрлігінің хабарлауынша, мұндай шешімнің қабылдануына Ресейдің Екатеринбург қаласында ресейлік құқық қорғау органдарының "әзербайжан ұлты өкілдеріне қарсы мақсатты түрде жасаған әрекеттері" себеп болған.

Осыған байланысты ресейліктердің қатысуымен өтеді деп жоспарланған концерттер, фестивальдер, көрмелер, спектакльдер мен өзге де мәдени іс-шаралар тоқтатылады. Алдын ала билет алған азаматтар ақшасын қайтарып ала алады.

Жағдай шиеленісіп жатқан шақта Әзербайжанның парламенттік делегациясы республиканың Мәжілісі мен Ресей федерациясы жиналысының парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссия отырысына қатыспауды ұйғарды.

Әзербайжан парламентінің мәлімдемесінде ресейлік құқық қорғау органдары қызметкерлерінің "ашық жасаған және заңсыз әрекеттері" салдарынан әзербайжандықтар арасында қаза болған адамдар бары айтылған.

Әзербайжан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар 27 маусымда Екатеринбургте ұлты әзербайжан 50-ден астам адам ұсталғаннан кейін ушығып кетті. Екі адам қаза болып, тағы екеуі рейд кезінде қатты зардап шеккен. Ресми Баку бұл оқиғаға кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.

Әзербайжандағы орыс қауымдастығы Ресей тарапының іс-әрекетін айыптап, Екатеринбургте болған оқиғаны объективті түрде тергеуге үндеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Баку Екатеринбургтегі әзербайжандарға жасалған рейдтерге байланысты наразылық білдірді

Ресейдің сыртқы істер министрлігі Екатерингбургтегі тұтқындаулар ауыр қылмыстарды тергеу аясында жүргізілгенін және жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Министрліктің ресми өкілі Мария Захарова бұл істер 2001, 2010 және 2011 жылдары жасалған кісі өлтіру қылмыстарымен байланысты деп нақтылады.

E1.ru порталының хабарлауынша, 2001 жылы Екатеринбургте Әзербайжан тумағы Юнис Пашаевты пышақтап, өлтіріп кеткен. Ол кезде жергілікті "Каспий" кафесінің иелері – ағайынды Гусейн және Зияддин Сафаровтар осы қылмысқа негізгі күдіктілер ретінде аталған. Олар биыл 27 маусымда билік өкілдері ұстамақшы болған кезде қаза тапқан деген ақпаратты РБК-ға құқық қорғау органдарындағы дереккөз растаған.

Тергеу аясында Екатеринбург соты 29 маусым күні Мазахир, Акиф және Аяз Сафаровтарды 19 шілдеге дейін қамауға алуға шешім шығарды. Оларға кісі өлтіру бабы бойынша айып тағылып отыр. Сот залынан түсірілген суреттерде ұсталған адамның бірінің беті ісіп тұрғаны көрінеді.

Тағы үш күдікті – Ахлиман Гянджиев, Шахин Лалаев және Бакир Сафаров 72 сағатқа уақытша қамауға алынды. Оларға бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі кейінірек қаралмақ.