28 маусымда Сербия астанасы Белградтағы Славия алаңында өткен үкіметке қарсы митингіге мыңдаған адам қатысты. Оппозициялық шерудің соңы демонстранттар мен полицияның қақтығысына ұласты деп хабарлады осы шарадан тікелей трансляция жүргізген Азаттықтың Балкан қызметі.
Сенбідегі наразылық жиынына негізінен студент жастар жиналған. Белградтың орталығындағы көшелер жабылған. Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік шараларының ең жоғары деңгейін енгізген.
Наразылық шеруіне шыққандар биліктен елде кезектен тыс парламент сайлауын өткізуді талап еткен. Оқиға барысында түсірілген видео мен фотолардан айналасында үкімет мекемелері орналасқан Славия алаңы адамға толғаны көрінеді.
Үстіне арнайы киім киген ондаған полиция қызметкері үкімет ғимараттары мен жақын маңдағы саябақты күзетіп тұрды, ол саябаққа президент Александр Вучичке қолдау білдіріп, елдің әр өңірінен келген адамдардың үлкен тобы жиналған деп хабарлады Reuters.
Үкіметке қарсы митингіге жиналған жұрт. Белград, Сербия, 27 маусым, 2025 жыл.
Сағат 22.00 шамасында митинг саябырсып, наразылардың бір бөлігі Вучичтің жақтастары тұрған жаққа қарай бет алып, алау жаға бастағаннан кейін полиция оларды күшпен таратпақ болған. Оның аяғы демонстранттар мен полицияның қақтығысына ұласқан. Полиция қарсылық танытқандарды тарату үшін жас ағызатын арнайы құрал қолданған. AFP агенттігі журналистері полиция қатты тарсылдап-жарқылдайтын зат қолданды деп хабарлады. Полиция бірнеше адамды ұстаған.
Сербиялық N1 телеарнасы өз тілшісі журналист куәлігін полицияға көрсеткеніне қарамастан, зардап шеккенін хабарлады.
Студенттер мен оппозиция Сербияның қазіргі билігін отставкаға кетуді және 2024 жылғы қарашада Нови-Сад қаласында теміржол вокзалында бетон қалқаның құлауынан 16 адамның қаза табуына байланысты оқиғаны тергеуді талап етіп келеді. Наразылық білдірушілер 2012 жылдан бері билік басында отырған президент Александр Вучич пен оның партиясын елдегі жағдайға жауапты деп санайды.
Сенбі күні студенттер митингісімен қатар Белградта үкіметті қолдайтындар да өз акциясын өткізді. Вучичтің жақтастары парламент ғимаратының алдына жиналды.
Осыдан бір апта бұрын президент Вучич елде зорлық-зомбылық ошақтары пайда болуы мүмкін екенін айтып, билік оған дайын деп мәлімдеген еді.