Германия мен Израиль бірлескен киберзерттеу орталығын құрмақ

Германияның ішкі істер министрі Александр Добриндт

Германия Израильмен бірлесіп киберзерттеу орталығын құруды және екі елдің барлау мен күштік құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Мұны Bild басылымына берген сұхбатында Германияның ішкі істер министрі Александр Добриндт айтқан.

Добриндт бұл жоспарды Тель-Авив маңындағы Бат-Ям қаласына сапармен барған кезде жария етті. Бұл қала жақында Иранның зымыран шабуылынан зардап шеккен болатын. Министрдің сөзінше, бес тармақтан тұратын жоспар Германияның ұлттық киберқауіпсіздік стратегиясының құрамдас бөлігі саналатын «кибер күмбез» жүйесін құруды көздейді.

Болжам бойынша, Германия мен Израиль бірлескен жұмыс аясында киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, азаматтық қорғаныс пен ерте ескерту жүйелерін жетілдірмек, барлау қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтіп, бірлескен зерттеу орталығы құрмақшы және дрондарға қарсы технологияларды дамытуды қолға алмақ.

Ішкі істер министрі қызметіне биыл мамыр айында кіріскен Добриндт – Израиль мен Иран арасында болған қарулы қақтығыстан кейін Германия үкіметінің Израильге сапармен барған алғашқы өкілі.

• Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс шырау шегінен асып, 13 маусымда Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына шабуыл жасады. Салдарынан Иранның әскери басшылығының мүшелері, Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысы бар делінетін бірнеше иран ғалымы қаза тапты. Израиль бұл операцияның мақсаты — Иранның ядролық қару жасау мүмкіндігін жою деп мәлімдеді. Израиль шабуылына қарымта ретінде Иран Израильге зымырандар атты.