Иран басылымы: Эвин түрмесіне Израиль жасаған шабуылдан 71 адам қаза тапқан

Израиль шабуылынан бүлінген Эвин түрмесінің маңын техникамен тазалап жатыр. Тегеран, Иран, 25 маусым, 2025 жыл

2025 жылғы 23 маусымда Израиль Тегерандағы Эвин түрмесіне жасаған шабуыл салдарынан 71 адам қаза тапқан. Мұндай деректі Иранның сот билігінің өкілі Асғар Жахангирдің сөзіне сүйеніп, ирандық Mizan ақпарат агенттігі хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, қаза тапқандар арасында тұтқындар және олармен кездесуге барған туыстары, әкімшілік қызметкерлері, әскерге шақырылғандар және көршілес үйлердің тұрғындары бар. Жахангир тағы бірнеше адам жараланды деп айтқан.

23 маусым күні Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) авиациясы Иран астанасына шабуыл жасаған еді. Израильдің бұқаралық ақпарат құралдары ол кезде авиация Эвин түрмесінің қақпасына "символды соққы" жасаған деп хабарлады. Бұл түрме саяси тұтқындар, журналистер, белсенділер мен шетел азаматтары қамауда отырған, ең қатаң күзетілетін мекеме ретінде белгілі.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац шабуыл нысанасына Иран астанасының қақ жүрегіндегі "режим нысандары мен үкіметтің репрессиялық құрылымдары" алынды деп мәлімдеген.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Эвин түрмесінде шетел азаматтары, соның ішінде екі француз азаматы да қамауда отыр. Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро осы шабуылдан кейін X әлеуметтік желісінде түрмеге жасалған бұл соққы француз азаматтарының өмірін қауіп төндіргенін айтып, "бұл – мүлде орынсыз", – деп жазды.

  • 13 маусымда Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс шырқау шегінен асып, Израиль Ирандағы ядролық және әскери нысандарға шабуылдар бастаған, салдарынан Иранның ядролық бағдарламасына қатысы бар ғалымдар мен әскери басшылығының өкілдері қаза тапты. Израиль бұл операцияның мақсаты – Иранды ядролық қару жасау мүмкіндігінен айыру деп мәлімдеді. Иран шабуылға қарымта ретінде Израильге зымырандар атты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Иран Израиль шабуылынан қаза тапқан әскерилері мен ғалымдарын жерледі