Ресейдің сыртқы істер министрлігі ел аумағында 15 еуропалық басылымға шектеу енгізілгенін хабарлады. Министрлік олар қандай басылымдар екенін нақтыламады.
Ресей СІМ мұндай шара Еуропа одағының 16-санкциялар пакетіндегі шектеулерге жауап ретінде қабылданғанын айтты. Аталған санкциялар аясында бірқатар ресейлік басылымдарға шектеу енгізілген. Олардың арасында Eurasia Daily, Fondsk, Lenta, News Front, Rubaltic, South Front, Стратегиялық мәдениет қоры және "Красная звезда" басылымы бар.
"Егер отандық басылымдар мен ақпарат арналарына қарсы шектеулер алынатын болса, Ресей тарабы да еуропалық БАҚ-қа қатысты шешімін өзгертуге дайын", – деген министрлік.
• Еуропа одағының 16-санкциялар пакеті 2025 жылғы 24 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жыл толғанына орай қабылданды. Жалпы алғанда, санкцияларға 48 жеке тұлға мен 35 заңды тұлға ілінді. Олардың арасында Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесті делінген Үндістан, Қазақстан, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Түркия және Өзбекстанның компаниялары бар.