Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Экс-судья Өтемісова төрт жарым жылға сотталды

Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы Күлпәш Өтемісова. Сурет 11 шілде 2013 жылы түсірілген.
Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы Күлпәш Өтемісова. Сурет 11 шілде 2013 жылы түсірілген.
Алматының Алмалы аудандық соты 5 мамырда қалалық соттың бұрынғы судьясы Күлпәш Өтемісованы "ауыр салдарға әкеп соқтырған әділетсіз сот үкімін, шешімін немесе сот актісін шығару" бабы бойынша айыпты деп тауып, төрт жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза кесті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот 56 жастағы Күлпәш Өтемісованы ресейлік кәсіпкер Александр Сутягинскийге қатысты бастапқы жазаны жұмсартып, оны "сот залынан заңсыз босатып жіберген" деп айыптап, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге және үш жылға дейін мемлекеттік қызмет атқару құқығына айыруға үкім шығарған.

Судья Күлпәш Өтемісованың қамалуына ресейлік кәсіпкер Александр Сутягинскийдің ісі түрткі болған. «Өзінің әріптесі Михаил Гаркушкинді өлтіруге тапсырыс берді» және «қару мен оқ-дәрі заңсыз сақтады» деп айыпталған Сутягинскийді Алматының мамандандырылған ауданаралық соты 2013 жылғы наурызда 12 жылға соттаған еді.

Кәсіпкердің ісін апелляциялық деңгейде қайта қараған судья Өтемісова 2013 жылғы тамызда бастапқы жазаны жұмсартқан. Ол Сутягинскийге тағылған «пайда табу мақсатымен адам өлтіруге тапсырыс беру» айыбын «адам өлтіруге тапсырыс беру» айыбымен алмастырып, жазасын 6 жыл шартты жаза етіп жеңілдетіп, айыпталушыны қамаудан сот залында босатып жіберген. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, бостандыққа шыққан соң кәсіпкер қашып үлгерген.

Сол тамыз айында кассациялық сот алқасы апелляциялық алқаның шартты мерзім туралы қаулысының күшін жойып, бастапқы үкімді қайта қалпына келтірген. Ал 2013 жылы қыркүйекте «әділетсіз үкім шығарғаны үшін» судья Күлпәш Өтемісова қамауға алынған.

Басқа да жаңалықтар

Қарағандылық белсенді Бақытжан Жансейітовтің үйін полиция тінтіп, өзін алып кеткен

30 маусым күні қарағандылық белсенді Бақытжан Жансейтовтың үйіне полиция тінту жүргізіп, біршама затымен қоса белсендіні алып кеткен. Бұл туралы оның зайыбы Думан Нөгербекова дүйсенбі күні әлеуметтік желіде тараған видеода айтты.

– Таңертең үйге бет-жүзіне маска тағып алған төрт адам келді. Екеуі видеоға түсіріп тұрды, екеуі тінту жүргізді. Қастарында екі куәгері бар, олар бұл жақтың адамдарына ұқсамайды, – деді Думан Нөгербекова.

Оның айтуынша, полиция тінтуді таңертеңгі сағат тоғызда бастаған.

– Олар келген кезде балалар ұйықтап жатқан, оларды шошытып, үйді астан-кестеңін шығарып тінту жүргізді, не іздегенін білмейміз, өздері айтпады, әйтеуір телефондарымызды, флешкаларды – бәрін алып кетті. Телефонымды қызым ұстап тұрған, әлгілердің біреуі оның қолынан телефонды жұлып алды. Жұртқа жарияламау туралы бір қағазға қол қойғызды, оның не екенін де білмейміз, – деді Нөгербекова.

Ол жұбайын билік өкілдері саяси көзқарасына бола ұстап әкетті деп есептейді.

Азаттық Бақытжан Жансейтовтің не себепті ұсталғанына байланысты Қарағанды полициясынан түсініктеме алуға талпынып көрді. Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров телефон қоңырауына жауап бермеді.

22 мамырда Қарағанды соты жергілікті белсенді Бақытжан Жансейітовті 15 күнге әкімшілік қамауға алған. Сот шешімінде жауапкер "31 мамырда Қарағандының орталық саябағында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шеруге қатысуға үгіттеген" деп жазылған. Жансейітов өзіне тағылған айыпты мойындамаған және өзінің аккаунты бұзылғанын айтқан.

Антикор: бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев 9 жылға сотталды

Қазақстанның бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев
Қазақстанның бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев

Қазақстанның бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев 9 жылға сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді.

"Марат Бекетаев мүлкі тәркілене отырып 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Экс-әділет министрінің үстінен қозғалған қылмыстық іс алаяқтық, аса ірі көлемде жымқыру, кәсіпкерлікке қызметке заңсыз қатысу фактілері бойынша тергелді. Тергеу "құпия" түрде жүргендіктен, іс материалдары мен қылмыстың мән-жайы жарияланбайды", – деді Бигайдаров.

2016-2022 жылдары әділет министрі болған Бекетаев Қаңтар оқиғасынан кейін лауазымнан босатылған. Сосын 10 ай премьер-министр кеңесшісі қызметін атқарды. Ал 2023 жылғы қазанда "билік өкілетін асыра пайдалану" күдігімен ұсталып, екі айға қамалған. Содан бері абақтыда отыр.

Тергеу органдарының болжамынша, күдікті "қызметтерді көрсетуге келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдап", сол арқылы "мемлекетке үлкен зиян келтірген". Бас прокуратура өкілдері экс-министр Қазақстаннан қашуға оқталған кезде ұсталды деп мәлімдеген.

Бұрынғы әділет министрі қандай "әділетсіздік" істеген? Бекетаев екі айға қамалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00

Жемқорлыққа қарсы агенттік ҰҚК-ға қосылады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Жемқорлыққа қарсы агенттік Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылды.

Осылайша коррупциямен күресу үшін құрылған агенттік жеке орган ретінде статусын жоғалты. Оның орнына ҰҚК құрамында коррупцияға қарсы қызмет деген жеке ведомство құрылады.

ҰҚК бір айдың ішінде президентке жаңа қызмет пен штат саны бойынша ұсынысты жіберу керек.

Үкімет 1 қыркүйекке дейін мәжіліске осы өзгеріс туралы тиісті заң жобасын ұсынуы тиіс. Ал Мемлекеттік қызмет істері бойынша агенттік бұл өзгерісті екі айдың ішінде жүзеге асыруы керек.

Тоқаев бұл шешімді "мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін жаңғырту және арттыру" деп түсіндіреді.

Жемқорлықпен күрес ведомствосы 2003 жылдан бері бірнеше рет реформаланды. Алдымен мемлекеттік кірістер министрлігіне қарады. Кейін экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі болып жеке шықты. Одан соң Мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрамындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы болды.

2019 жылы маусымда бюро президентке тікелей бағынатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болған еді.

Қазақстан биыл Қазақстан Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде 5 саты жоғары көтеріліп, 180 елдің ішінде 88-орынға тұрақтаған. Қазақстан 5 жыл бұрынғы есепте 3113-орында болған еді.

Ресей Еуроодақ санкцияларына жауап ретінде еуропалық 15 БАҚ-қа бұғат қойғанын айтты

Ресейдің сыртқы істер министрлігі ел аумағында 15 еуропалық басылымға шектеу енгізілгенін хабарлады. Министрлік олар қандай басылымдар екенін нақтыламады.

Ресей СІМ мұндай шара Еуропа одағының 16-санкциялар пакетіндегі шектеулерге жауап ретінде қабылданғанын айтты. Аталған санкциялар аясында бірқатар ресейлік басылымдарға шектеу енгізілген. Олардың арасында Eurasia Daily, Fondsk, Lenta, News Front, Rubaltic, South Front, Стратегиялық мәдениет қоры және "Красная звезда" басылымы бар.

"Егер отандық басылымдар мен ақпарат арналарына қарсы шектеулер алынатын болса, Ресей тарабы да еуропалық БАҚ-қа қатысты шешімін өзгертуге дайын", – деген министрлік.

• Еуропа одағының 16-санкциялар пакеті 2025 жылғы 24 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жыл толғанына орай қабылданды. Жалпы алғанда, санкцияларға 48 жеке тұлға мен 35 заңды тұлға ілінді. Олардың арасында Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесті делінген Үндістан, Қазақстан, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Түркия және Өзбекстанның компаниялары бар.

Медиа: АҚШ Иран шенеуніктерінің америкалық шабуыл жайлы сөзін жазып алған

IRAN-NUCLEAR/USA
IRAN-NUCLEAR/USA

АҚШ Иранның екі шенеунігінің телефон әңгімесін жазып алған. Иранның ядролық нысандарына АҚШ жасаған шабуылды талқылаған екеуі әңгіме барысында шабуылдың қиратып-бүлдіргені күткендегіден аз болғанын айтқан. The Washington Post басылымы мұндай ақпаратты құпия барлау деректерімен таныс төрт дереккөзге сүйеніп хабарлады.

Ақ үй телефон әңгімесі жазылып алынғанын жоққа шығармады, бірақ ирандық шенеуніктердің тұжырымына келіспейтінін білдіріп, олардың АҚШ шабуылы нысанаға алған үш ядролық нысанға келтірілген залалды бағалай алу қабілетіне күмән келтірді.

"Аты-жөні аталмаған ирандық шенеуніктер жүздеген фут үйінді астында не болып жатқанын біледі деу – абсурд. Олардың ядролық қару жасау бағдарламасы бітті", – деп мәлімдеді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт.

Ұлттық барлау директоры басқармасы газетке "барлау деректерінің бір үзігі барлаудың толық суретін көрсете алмайды", – деп мәлімдеген.

"Аты-жөні аталмаған ирандықтар арасындағы бір телефон әңгімесі – көптеген дереккөздерден алынған дәлелдер жиынтығына сүйенген барлау бағасымен бірдей емес", – деген АҚШ барлау қызметінің жоғары лауазымды өкілі.

• Бұған дейін Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) басшысы Рафаэль Гросси Иран байытылған уран өндіруді қайта бастау үшін техникалық мүмкіндіктерін сақтап қалды және бұл процесті бірнеше ай ішінде қалпына келтіре алады деп мәлімдеген. Оның сөзінше, Иранның ядролық нысандарына Израиль мен АҚШ жасаған шабуылдар елеулі болғанымен, түпкілікті күйрететіндей залал келтірмеген.

• Израиль мен АҚШ шабуылдар жасап болғаннан АҚШ президенті Дональд Трамп ирандық ядролық нысандар толығымен жойылды деп мәлімдеді. CNN мен The New York Times дереккөздері бұл шабуылдар Тегеранның ядролық бағдарламасын уақытша ғана тоқтатты деп айтқан. Financial Times басылымының дерегінше, жоғары деңгейде байытылған уранның елеулі бөлігі сол қалпында сақталған.

Жаңартылды

Бакуде полиция "Sputnik Әзербайжан" кеңсесінде тінту жүргізді

Бакуде полиция қызметкерлері ресейлік "Sputnik Әзербайжан" агенттігінің кеңсесіне тінту жүргізді. Бұл туралы жергілікті APA және Report басылымдары хабарлады. Оның мән-жайы әзірше белгісіз.

"Россия сегодня" медиа-тобының бас редакторы Маргарита Симоньян Ресейдің Бакудегі елшілігінің қызметкерлері аталған басылымның кеңсесіне барған деп айтты. "Қызметкерлер хабарласпай жатыр – оларды телефонмен сөйлестірмей отырған тәрізді. Арасында Ресей азаматтары да бар", – деп жазды ол өзінің Telegram-арнасында.

Биыл ақпанда Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің өкілі Айхан Ғаджизаде "Sputnik Әзербайжан" агенттігінің жабылғанын мәлімдеген, әрі бұл медиа құралына тек бір тілшіге аккредитация берілетінін айтқан. Report басылымының жазуынша, агенттік соған қарамастан жұмысын "жалғастырғаны және оның қызметкерлері жұмысқа барып жүрген".

Осыдан кейін Әзербайжанның Ресейдегі елшісі Рахман Мустафаевты Мәскеуде Ресей сыртқы істер министрлігіне шақыртқан. Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мәлімдеді.

"Бакудың достыққа сай келмейтін әрекетіне байланысты және Әзербайжан билігінің жылдар бойы ешқандай мін тақпаған ресейлік журналистердің Бакуде ұсталуына байланысты Әзербайжан елшісі сыртқы істер министрлігіне шақырылды" деді ол.

Әзербайжан билігі "шетелде жұмыс істейтін әзербайжандық мемлекеттік басылымдардың журналистері мен Бакудегі шетелдік журналистердің жағдайын теңестіру мақсатында "Sputnik Әзербайжан" агенттігінде жұмыс істейтін 40 қызметкердің орнына 1 адам ғана қалдыруды ұйғарған.

Әзербайжан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас 27 маусымда Екатеринбургте ұлты әзербайжан 50-ден астам адам ұсталғаннан кейін ушығып кетті. Екі адам қаза болып, тағы екеуі рейд кезінде қатты зардап шеккен. Ресми Баку бұл оқиғаға кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.

Ресейдің сыртқы істер министрлігі Екатеринбургте ауыр қылмыстарды тергеу аясында күдіктілер ұсталған, құқық қорғау органдары жағдайды бақылап отыр деп мәлімдеді. Министрліктің ресми өкілі Мария Захарова бұл істер 2001, 2010 және 2011 жылдары жасалған кісі өлтіру қылмыстарымен байланысты деп нақтылады.

Жағдай шиеленісіп жатқан шақта Әзербайжанның парламенттік делегациясы республиканың Мәжілісі мен Ресей федерациясы жиналысының парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссия отырысына қатыспауды ұйғарды. Әзербайжан парламентінің мәлімдемесінде ресейлік құқық қорғау органдары қызметкерлерінің "ашық жасаған және заңсыз әрекеттері" салдарынан әзербайжандықтар арасында қаза болған адамдар бары айтылған.

Германия мен Израиль бірлескен киберзерттеу орталығын құрмақ

Германияның ішкі істер министрі Александр Добриндт
Германияның ішкі істер министрі Александр Добриндт

Германия Израильмен бірлесіп киберзерттеу орталығын құруды және екі елдің барлау мен күштік құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Мұны Bild басылымына берген сұхбатында Германияның ішкі істер министрі Александр Добриндт айтқан.

Добриндт бұл жоспарды Тель-Авив маңындағы Бат-Ям қаласына сапармен барған кезде жария етті. Бұл қала жақында Иранның зымыран шабуылынан зардап шеккен болатын. Министрдің сөзінше, бес тармақтан тұратын жоспар Германияның ұлттық киберқауіпсіздік стратегиясының құрамдас бөлігі саналатын «кибер күмбез» жүйесін құруды көздейді.

Болжам бойынша, Германия мен Израиль бірлескен жұмыс аясында киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, азаматтық қорғаныс пен ерте ескерту жүйелерін жетілдірмек, барлау қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтіп, бірлескен зерттеу орталығы құрмақшы және дрондарға қарсы технологияларды дамытуды қолға алмақ.

Ішкі істер министрі қызметіне биыл мамыр айында кіріскен Добриндт – Израиль мен Иран арасында болған қарулы қақтығыстан кейін Германия үкіметінің Израильге сапармен барған алғашқы өкілі.

• Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс шырау шегінен асып, 13 маусымда Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына шабуыл жасады. Салдарынан Иранның әскери басшылығының мүшелері, Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысы бар делінетін бірнеше иран ғалымы қаза тапты. Израиль бұл операцияның мақсаты — Иранның ядролық қару жасау мүмкіндігін жою деп мәлімдеді. Израиль шабуылына қарымта ретінде Иран Израильге зымырандар атты.

МАГАТЭ: Иран уран байытуды жақын арада қайта бастауға қабілетті

МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси
МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси

Иран байытылған уран өндіруді қайта бастауға қажет техникалық мүмкіндіктерін сақтап қалды және бұл өндірісті бірнеше ай ішінде қалпына келтіре алады. CBS телеарнасына берген сұхбатында Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, Израиль мен АҚШ Иранның ядролық нысандарына айтарлықтай шабуылдар жасағанымен, түпкілікті күйрететіндей залал келтірмеген.

"Олар бірнеше ай ішінде – тіпті одан да ерте – бірнеше центрифуга каскадын қайта іске қосып, байытылған уран өндірісін бастай алады. Бәрі жойылды, ештеңе қалмады деп кесіп айтуға болмайды", – деді Гросси.

Бұған дейін Израиль мен АҚШ жасаған шабуылдардан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық нысандары толығымен жойылды деп мәлімдеген еді. Алайда CNN мен The New York Times дереккөздерінің хабарлауынша, бұл шабуылдар тек Тегеранның ядролық бағдарламасын уақытша ғана тоқтатқан. Financial Times басылымының мәліметінше, жоғары деңгейде байытылған уранның айтарлықтай бөлігі сол қалпында сақталған.

Сенатор Грэм: Трамп Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді қолдады

АҚШ сенаторы Линдси Грэм
АҚШ сенаторы Линдси Грэм

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы заң жобасын алға жылжытуды қолдаған. Мұны осы бастаманың авторы, республикашыл сенатор Линдси Грэм ABC телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

"Кеше, біз гольф ойнап жүргенде, президент алғаш рет маған осы заң жобасын алға жылжытатын уақыт келгенін айтты", – деді Грэм.

Оның сөзінше, сенаторлар Трампқа Ресей президенті Владимир Путинді Украина жөнінде келіссөз жүргізуге мәжбүрлейтін құрал беріп отыр.

Бұған қоса Грэм заң жобасы қалай жұмыс істейтінін де айтып берді. Егер әлдебір ел Ресейден тауар сатып алып, алайда Украинаға көмек көрсетпесе, онда сол елдің АҚШ-қа экспортына 500 пайыз көлемінде кеден бажы салынады. Сенатор сондай елдерге мысал ретінде Үндістан мен Қытайды атады, себебі олар Ресейден энергия ресурстарын сатып алып, Ресейдің қорғаныс саласына қолдау танытып отыр.

Грэмнің сөзінше, бұл бастаманы қазірдің өзінде 100 сенатордың 84-і қолдаған. Құжат шілде айындағы үзілістен кейін, 7 шілдеден бастап қаралады деп жоспарланып отыр.

Бұған дейін Трамп Ресейге қарсы санкциялар туралы қарама-қайшы пікірлер білдірген еді – біресе оларды енгізуге дайын екенін айтса, енді бірде Мәскеу мен Киев арасындағы болуы ықтимал келіссөздерге кедергі келтірмеу үшін санкция салудан бас тартқысы келетінін мәлімдеген.

The Wall Street Journal басылымы дереккөздерінің хабарлауынша, Ақ үй сенатор Грэмді Ресейге қарсы санкциялар туралы заң жобасын жұмсартуға көндіруге тырысқан. Сенаторға заң жобасына Трампқа санкцияны кімге немесе неге қолдану керектігін өзі шешуіне мүмкіндік беретін өзгертулер енгізу ұсынылған. Оған қоса құжаттағы "міндетті" деген сөзді "мүмкін" деген сөзге алмастыру жөнінде ұсыныс жасалған, олай болған жағдайда заңдағы талаптың міндетті сипаты жойылады деп жазады басылым.

Әзербайжан Ресеймен байланысты барлық іс-шараны тоқтатты

 Әзербайжан туы
Әзербайжан туы

Әзербайжанда Ресейдің мемлекеттік және жеке мекемелері жоспарлаған барлық бірлескен мәдени іс-шаралар тоқтатылды. Әзербайжан мәдениет министрлігінің хабарлауынша, мұндай шешімнің қабылдануына Ресейдің Екатеринбург қаласында ресейлік құқық қорғау органдарының "әзербайжан ұлты өкілдеріне қарсы мақсатты түрде жасаған әрекеттері" себеп болған.

Осыған байланысты ресейліктердің қатысуымен өтеді деп жоспарланған концерттер, фестивальдер, көрмелер, спектакльдер мен өзге де мәдени іс-шаралар тоқтатылады. Алдын ала билет алған азаматтар ақшасын қайтарып ала алады.

Жағдай шиеленісіп жатқан шақта Әзербайжанның парламенттік делегациясы республиканың Мәжілісі мен Ресей федерациясы жиналысының парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссия отырысына қатыспауды ұйғарды.

Әзербайжан парламентінің мәлімдемесінде ресейлік құқық қорғау органдары қызметкерлерінің "ашық жасаған және заңсыз әрекеттері" салдарынан әзербайжандықтар арасында қаза болған адамдар бары айтылған.

Әзербайжан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар 27 маусымда Екатеринбургте ұлты әзербайжан 50-ден астам адам ұсталғаннан кейін ушығып кетті. Екі адам қаза болып, тағы екеуі рейд кезінде қатты зардап шеккен. Ресми Баку бұл оқиғаға кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.

Әзербайжандағы орыс қауымдастығы Ресей тарапының іс-әрекетін айыптап, Екатеринбургте болған оқиғаны объективті түрде тергеуге үндеді.

Ресейдің сыртқы істер министрлігі Екатерингбургтегі тұтқындаулар ауыр қылмыстарды тергеу аясында жүргізілгенін және жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Министрліктің ресми өкілі Мария Захарова бұл істер 2001, 2010 және 2011 жылдары жасалған кісі өлтіру қылмыстарымен байланысты деп нақтылады.

E1.ru порталының хабарлауынша, 2001 жылы Екатеринбургте Әзербайжан тумағы Юнис Пашаевты пышақтап, өлтіріп кеткен. Ол кезде жергілікті "Каспий" кафесінің иелері – ағайынды Гусейн және Зияддин Сафаровтар осы қылмысқа негізгі күдіктілер ретінде аталған. Олар биыл 27 маусымда билік өкілдері ұстамақшы болған кезде қаза тапқан деген ақпаратты РБК-ға құқық қорғау органдарындағы дереккөз растаған.

Тергеу аясында Екатеринбург соты 29 маусым күні Мазахир, Акиф және Аяз Сафаровтарды 19 шілдеге дейін қамауға алуға шешім шығарды. Оларға кісі өлтіру бабы бойынша айып тағылып отыр. Сот залынан түсірілген суреттерде ұсталған адамның бірінің беті ісіп тұрғаны көрінеді.

Тағы үш күдікті – Ахлиман Гянджиев, Шахин Лалаев және Бакир Сафаров 72 сағатқа уақытша қамауға алынды. Оларға бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі кейінірек қаралмақ.

Астанада бокстан өтетін әлем кубогы кезеңіне қатысатын қазақстандықтар анықталды

Қазақстандық Айбек Оралбай (оң жақта) бокстан әлем кубогының кезекті кезеңінде 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сайысқа қатысады.
Қазақстандық Айбек Оралбай (оң жақта) бокстан әлем кубогының кезекті кезеңінде 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сайысқа қатысады.

30 маусым мен 7 шілде аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында бокстан әлем кубогының кезекті кезеңінің сайыстары өтеді.

Осы жарысқа Қазақстан ұлттық құрамасы қатарында қатысатын әйелдер мен ерлер командалары анықталды деп хабарлады 29 маусым күні Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті.

Әйелдер командасы:

Назым Қызайбай - 48 келі салмақ дәрежесінде;

Алуа Балқыбекова - 51 келі;

Әнел Сақыш - 54 келі;

Айдана Забынбекова - 57 келі;

Виктория Графеева - 60 келі;

Аида Әбікеева - 65 келі;

Наталья Богданова - 70 келі;

Надежда Рябец - 75 келі;

Гүлсая Ержан - 80 келі;

Елдана Тәліпова - 80 келіден жоғары салмақта.


Ерлер командасы:

Санжар Тәшкенбай - 50 келі;

Махмұд Сабырхан - 55 келі;

Серік Теміржанов - 60 келі;

Ертуған Зейнуллинов - 65 келі;

Абылайхан Жүсіпов - 70 келі;

Сабыржан Аққалықов - 75 келі;

Нұрбек Оралбай - 80 келі;

Бекзад Нұрдәулетов - 85 келі;

Сағындық Тоғамбай - 90 келі;

Айбек Оралбай - 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде.

Зеленский Украина Оттава шартынан шығатыны жайлы жарлыққа қол қойды

Украина президенті Владимир Зеленский елдің ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің Украина жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға тыйым салатын конвенциядан шығатыны туралы шешімін күшіне енгізетін жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Жоғарғы Раданың ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитетінің хатшысы Роман Костенко хабарлаған.

"Бұл – соғыс шындығы әлдеқашан талап еткен қадам. Ресей бұл конвенцияның тарапы емес және біздің әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындарымызға қарсы миналарды жаппай қолданып жүр. Жау ешқандай шектеусіз әрекет етіп жатқанда, біз өзімізді байлап қоюға жол бере алмаймыз", – деді Костенко. Ол бұл мәселені енді Жоғарғы Рада қарастыруы тиіс екенін айтты.

Құжат мәтіні Украина президентінің ресми сайтында жарияланды.

Бұған дейін осы аптада Литва мен Эстония Оттава шартынан шығатынын БҰҰ-ға ресми түрде хабарлаған. Бұл елдер БҰҰ-ны ескерткеннен кейін алты ай өткен соң конвенция мүшесі болуды ресми түрде доғарады.

Балтық елдерінің барлығы, Польша мен Финляндия да осы шарттан шығуға ниетті екенін мәлімдеді. Аталған елдердің барлығы Ресеймен шектеседі және Ресей Оттава шартына ешқашан қосылған емес. Ол елдер өз шешімін аймақта НАТО мүшелерінің қауіпсіздік жағдайы нашарлағанымен түсіндірді.

Оттава шарты жаяу әскерге қарсы миналарды әзірлеуге, қолдануға, сақтауға және таратуға тыйым салады. Бұл конвенцияға 1997 жылы Оттава қаласында 122 елдің өкілдері қол қойған. Оған қатысушы елдер "жаяу әскерге қарсы миналар туғызатын азап пен қайғы-қасіретке нүкте қоюға бел байлағанын" мәлімдеп, қарудың осы түрінен ең көп зардап шегетіндер – бейбіт тұрғындар екеніне назар аударған. Құжатта жаяу әскерге қарсы миналарды қолданудан толық бас тарту, оларды өндіру мен жинақтауды тоқтату, барлық қорларды (тек минадан тазарту оқытуына қажет аздаған бөлігінен басқасын) жою және миналанған аумақтарды тазарту көзделген.

Ресей де, АҚШ та, Қытай да Оттава шартына қосылмаған.

Украина Оттава шартына 2005 жылы қосылды және Ресей 2022 жылы кең көлемді басқыншылық соғыс ашқанға дейін Украина өзіндегі мина қорларының елеулі бөлігін жойып үлгерген. Миналарды жою Донбаста соғыс болып жатқан кезде де жүргізілген.

Иран басылымы: Эвин түрмесіне Израиль жасаған шабуылдан 71 адам қаза тапқан

Израиль шабуылынан бүлінген Эвин түрмесінің маңын техникамен тазалап жатыр. Тегеран, Иран, 25 маусым, 2025 жыл
Израиль шабуылынан бүлінген Эвин түрмесінің маңын техникамен тазалап жатыр. Тегеран, Иран, 25 маусым, 2025 жыл

2025 жылғы 23 маусымда Израиль Тегерандағы Эвин түрмесіне жасаған шабуыл салдарынан 71 адам қаза тапқан. Мұндай деректі Иранның сот билігінің өкілі Асғар Жахангирдің сөзіне сүйеніп, ирандық Mizan ақпарат агенттігі хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, қаза тапқандар арасында тұтқындар және олармен кездесуге барған туыстары, әкімшілік қызметкерлері, әскерге шақырылғандар және көршілес үйлердің тұрғындары бар. Жахангир тағы бірнеше адам жараланды деп айтқан.

23 маусым күні Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) авиациясы Иран астанасына шабуыл жасаған еді. Израильдің бұқаралық ақпарат құралдары ол кезде авиация Эвин түрмесінің қақпасына "символды соққы" жасаған деп хабарлады. Бұл түрме саяси тұтқындар, журналистер, белсенділер мен шетел азаматтары қамауда отырған, ең қатаң күзетілетін мекеме ретінде белгілі.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац шабуыл нысанасына Иран астанасының қақ жүрегіндегі "режим нысандары мен үкіметтің репрессиялық құрылымдары" алынды деп мәлімдеген.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Эвин түрмесінде шетел азаматтары, соның ішінде екі француз азаматы да қамауда отыр. Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро осы шабуылдан кейін X әлеуметтік желісінде түрмеге жасалған бұл соққы француз азаматтарының өмірін қауіп төндіргенін айтып, "бұл – мүлде орынсыз", – деп жазды.

  • 13 маусымда Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс шырқау шегінен асып, Израиль Ирандағы ядролық және әскери нысандарға шабуылдар бастаған, салдарынан Иранның ядролық бағдарламасына қатысы бар ғалымдар мен әскери басшылығының өкілдері қаза тапты. Израиль бұл операцияның мақсаты – Иранды ядролық қару жасау мүмкіндігінен айыру деп мәлімдеді. Иран шабуылға қарымта ретінде Израильге зымырандар атты.

Ресей түн жамылып Украинаға жүздеген дрон мен зымыран ұшырған

Ресей шабуылынан бүлінген көпқабатты тұрғын үйден адамдарды құтқару. Смела қаласы, Черкасск облысы, Украина, 29 маусым, 2025 жыл.
Ресей шабуылынан бүлінген көпқабатты тұрғын үйден адамдарды құтқару. Смела қаласы, Черкасск облысы, Украина, 29 маусым, 2025 жыл.

Ресей 29 маусымға қараған түні Украинаны нысанаға алып, 537 дрон мен зымыран ұшырды, олардың 475-і әуеде жойылды деп мәлімдеді Украина армиясының әуе күштері.

Деректерге қарағанда, түнгі шабуылда Ресей "шахед" тектес дрондар мен баллистикалық және қанатты зымырандарды араластыра қолданған.

Украина қарулы күштерінің дерегінше, әуе шабуылы алты нысанаға дөп тиген, сегіз жерде дрон сынықтары құлағаны тіркелген. Кременчуг, Николаев, Львов, Запорожье және басқа қалаларда жарылыстар болған. Шабуылдан келген залал мөлшері анықталып жатыр.

Львов, Полтава, Черкасск, Николаев және Запорожье облыстарында нысандар шабуылға ұшыраған.

Черкасск облысындағы Смела қаласында шабуыл салдарынан алты адам зардап шеккен, арасында бір бала бар. Алдын ала мәлімет бойынша, тоғыз қабатты үш тұрғын үйге зақым келген. Ұлттық тағам технологиялары университетінің жергілікті колледжі едәуір бүлінгенін облыс әкімшілігінің басшысы Игорь Табурец хабарлады.

Ресейдің әуе шабуылынан Ивано-Франковск облысындағы Нараево елді мекенінде бір тұрғын зардап шеккен, оның үйі де бүлінген. Васючин ауылында шіркеу мен қоңырау мұнарасына зақым келген.

Түнгі шабуылды тойтару барысында F-16 ұшағын басқарған украин ұшқышы Максим Устименко қаза тапқан.

"Ұшқыш ұшақтағы қарудың оқтарын толық пайдаланып, жеті әуе нысанасын атып түсірді. Соңғы нысананы көздеп жатқан сәтте оның ұшағына зақым келіп, әуеден жерге күрт құлдилай бастады. Максим Устименко ұшақты адамдар тұратын аймақтан аулаққа әкету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, алайда катапультті пайдалануға үлгермеді", – делінген хабарламада.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің әуе шабуылы "өмір сүруді қамтамасыз ететін бәрін" нысанаға алды деп жазды әлеуметтік желідегі парағына. Ол әскери ұшқыш, подполковник Максим Устименконың қазасының жай-жапсарын анықтауды тапсырды.

Зеленский осы аптада Ресей күштері Украинаны нысанаға алып, 114-тен астам зымыран, 1270-тен аса дрон және 1100-ге жуық басқарылатын авиабомба қолданғанын айтты.

Украина президенті басқыншылық соғысты тұтатқан Ресейге халықаралық қысымды күшейтуге және Киевке әуе шабуылынан қорғаныс құралдарын беруге шақырды.

Yle: Ресей Қазан қаласындағы әскери ұшақ шығаратын зауытты кеңейтіп жатыр

Ресей әскери әуе күштерінің Ту-160 ұшағы (архивтегі фото)
Ресей әскери әуе күштерінің Ту-160 ұшағы (архивтегі фото)

Ресей Татарстан астанасындағы стратегиялық бомбалаушы ұшақ шығаратын және жетілдіретін авиация зауытын кеңейтіп жатыр. Финляндияның Yle телерадиокомпаниясы спутниктен түсірілген суреттерге жасалған талдауға сүйеніп осылай деп хабарлады.

Суреттер қыс мезгілінде зауыт аумағында ірі өндіріс ғимараттары бой көтергенін көрсетеді. Олардың ең үлкенінің аумағы шамамен 19 мың шаршы метрге – үш футбол алаңына тең.

Қазан қаласындағы бұл зауыт Ресейдің әскери әуе күштері пайдаланатын Ту-22М3 және Ту-160М бомбалаушы ұшақтарын шығарып, жетілдіреді, оған қоса Ту-160М2 ұшағының жаңа үлгісін құрастырумен айналысады. Алайда 2024 жылы бар болғаны төрт әскери ұшақ – екі Ту-160М2 және екі Ту-160М ғана пайдалануға берілген.

Yle басылымының мәліметінше, Қазан қаласындағы бұл зауыт – 2024 жылы маусым айының басында Украинаның қауіпсіздік қызметі Ресей аумағында іске асырған "Өрмек" операциясы кезінд зақымданған немесе жойылған ресейлік әскери стратегиялық бомбалаушы ұшақтарды алмастыруға қабілетті жалғыз кәсіпорын саналады.

Бұған қоса, Қазандағы кәсіпорын Ту-204 азаматтық авиация ұшағын шығарады және жаңа үлгідегі Ту-214 ұшағын жасауға тиіс. Алайда 2025 жылы тек бір Ту-214 ұшағы дайын болмақ және де ол Батыста жасалған бөлшектерден құрастырылған соңғы нұсқа болмақ. Бұл ұшақтарды Ресейдің қорғаныс министрлігі, федерацияның қауіпсіздік қызметі және жоғары лауазымды тұлғаларды тасымалдайтын "Россия" арнайы әуе тобы пайдаланады.

2024 жылғы 1 маусымда Украина қауіпсіздік қызметі іске асырған "Өрмек" операциясы барысында дрондар Ресейдің төрт өңіріндегі әскери аэродромдарға шабуыл жасады. Олардың арасында Оленья, Белая, Иваново-Северный және Дягилеводағы әскери әуе базалары бар. Батыс барлау қызметтерінің бағалауынша, шабуыл салдарынан шамамен 40 ресейлік ұшақ зақымданған, оның 10-13-і толық жойылған.

Украина президенті Владимир Зеленский "Өрмек" операциясы нәтижесінде 41 ұшақ зақымданды, олардың жартысы енді қалпына келтірілмейді деп мәлімдеді.

Ал Ресей сыртқы істер министрлігі Зеленскийдің сөзін жоққа шығарып, ұшақтар тек зақымданды, жойылған жоқ деп айтты.

Путин Ресейдің "ядролық қаруын күшейтпек". Соғыс жаңалықтары
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:23 0:00

Тағы

XS
SM
MD
LG