Accessibility links

Саида Мирзияеваны Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшылығына неге тағайындады?


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің қызы Саида Мирзияева
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің қызы Саида Мирзияева

Өзбекстан президенті аппаратында ауқымды кадрлық ауыс-түйіс жасалды. Соның ішінде ең маңыздыларының бірі – президент Шавкат Мирзияевтің қызы Саида Мирзияеваның президент әкімшілігі басшысы лауазымына тағайындалуы болды. 2023 жылдан бері мұндай лауазым Өзбекстанда болмаған, енді ол қайта енгізілді.

Президент қызының жаңа лауазымы

Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов өз Telegram-арнасында хабарлағандай, президент жарлығымен алдымен мемлекет басшысының әкімшілігі жетекшісі лауазымы енгізілген. Ал келесі жарлығымен Шавкат Мирзияев жаңа енгізілген қызметке өзінің үлкен қызын тағайындады.

Биыл 41 жасқа толған Саида Мирзияева 2023 жылдың тамызынан бері президенттің көмекшісі қызметін атқарып келген еді. Ол – Халықаралық экономика университетінің түлегі, Ташкент мемлекеттік заң университетінің және Ресей астанасындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистрі.

Саида Мирзияеваның мемлекеттік қызметте тас өрге домалауымен қатар, баспасөздің назарына тағы бір тағайындау ілінді – президент командасына Комил Алламжонов қайта оралды. Ол енді президент әкімшілігі басшысының қоғамдық негіздегі кеңесшісі қызметін атқарады. Ресми түрде оның міндетіне инвестициялар мәселесімен қатар, сөз еркіндігі мен тәуелсіз БАҚ-ты қолдау мәселелері кіреді.

Бұған дейін Комил Алламжонов президенттің баспасөз хатшысы, кейіннен әкімшілік басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 2024 жылдың қыркүйек айының аяғына дейін ол Шавкат Мирзияевтің әкімшілігіндегі ақпараттық саясат департаментін басқарған. Былтыр қазан айында оған қастандық жасалып, көлігіне қарата оқ атылды, әйткенмен Алламжонов пен жүргізушісі аман қалған.

Мықты тірек пен жеке қабілет. Сарапшы пікірі

Президент Шавкат Мирзияевтің үлкен қызын мемлекеттік басқару жүйесіндегі аса ықпалды лауазымға тағайындауы жөнінде саясаттанушы, Central Asia Due Diligence ұйымының директоры Әлішер Илхамовтан пікір сұрадық. Ол бұл тағайындауды аса үлкен тосын жаңалық санамайды. Әйткенмен Саида Мирзияева болашақта әкесінің орнын сөзсіз басады деуге әлі ерте деді сарапшы.

"Оны мемлекеттік иерархия сатысымен біртіндеп жоғарылатып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ ол әзірге басқару функцияларын атқарған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, болашақта президент қызметіне үміткер бола алады деп айтуға оның жеткілікті тәжірибесі жоқ. Оның үстіне, болмысы жағынан әлі де патриархал әрі дәстүрлі құндылықтар басым қоғамның жағдайын да ескеру керек. Мұндай жағдайда әйел адамға мемлекет басқару, ер адамға қарағанда әлдеқайда қиынға түседі", – деді ол.

Илхамов бұған дейін Саида Мирзияева Батысқа бағытталған PR-жобаларда жақсы нәтиже көрсетті деп есептейді. Мысалы, оның пікірінше, президенттің қызы Еуропа елдерімен тәп-тәуір байланыс орната алған, ал, онысы Мәскеуге мүлде ұнамай қалған.

"Президенттің ойынша, егер Батысқа бетбұрыс байқалса, Мәскеу тарапынан оған қарсылық тууы мүмкін. Сондықтан оны қарым-қатынасты реттесін, дипломатиялық қабілетін көрсетсін, жылықабақ байланыс орнатсын деген мақсатпен Мәскеуге жіберді. Саида бұл жағдайда әкесіне өзін жаман жағынан көрсеткен жоқ. Ол Владимир Путинмен және Ресей басшылығымен кездесті. Олар оны әріптес болуға тұратын тұлға ретінде қабылдады", – деді сарапшы.

Әлішер Илхамов Комил Алламжоновтың жаңа қызметіне де назар аударды. Ол енді Саида Мирзияеваның тәуелсіз кеңесшісі болмақ.

Саясаттанушының айтуынша, бұл тағайындау екі жайтты білдіруі мүмкін: бірі – президент отбасындағы клан ішіндегі күресте Саида Мирзияева жеңіске жеткені, екіншісі – президенттің әлі де болса үлкен қызының қабілетіне толық сенімді емес екендігі.

"Жаңа жағдайдағы жаңа қызметінде [Алламжонов] қандай міндеттер атқаратыны түсініксіз. Екі нұсқа бар. Біріншісі – оны басқа бір басшы қызметке өсіруі мүмкін. Бұл Саидаға белгілі бір құрылымнан, тіпті күштік органдардың бірінен қолдау көрсетілгенін білдіреді. Екіншісі – ол қасында қалып, шешім қабылдаған кезде сүйенетін кеңесші рөлін атқарады. Егер екінші нұсқа жүзеге асса, онда бұл оның (Саиданың) дербес басқаруға біліктілігінің жеткілікті екендігіне президент те толық сенімді емес екенін білдіреді", – деп есептейді саясаттанушы Әлішер Илхамов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG